Қазақстанда мал басы артып келеді, алайда ет құнына жем-шөп, жанармай және коммуналдық қызметтердің қымбаттауы әсер етуде. Бұл жөнінде LS-тің ресми сауалына жауап берген ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Министрлік мал саны азайды деген пікірді жоққа шығарып, ет бағасының өсуін негізгі шығындардың артуымен түсіндірді .
2025 жылдың алты айының қорытындысы бойынша, ірі қара мал саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға артып, 8,8 млн басқа жетті. Қой саны – 21,5 млн (+0,8%), жылқы – 4,7 млн (+4,7%), түйе – 301 мың (+4,5%), құс – 47,7 млн (+2,7%) болды.
Сонымен қатар, ет өндіру көлемі де артқан – сойыс салмағымен 529 мың тонна (+1,5%). Оның ішінде сиыр еті – 182,3 мың тонна, қой еті – 56,4 мың тонна, жылқы еті – 69,3 мың тонна. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге экспорттауға мүмкіндік береді.
Министрлікте ет бағасының өсуін тапшылықпен емес, өндірістік шығындардың қымбаттауымен байланыстырады. Бағаға электр қуаты, газ, дизель отыны, су мен жылу тарифтерінің өсуі тікелей ықпал еткен.
Сонымен қатар нарыққа алыпсатарлық пен тірі малға шетелдік жоғары сұраныс қосымша қысым жасауда. Осыған орай 2025 жылдың 1 мамырынан 30 қазанына дейін аналық малмен бірге бұқаларды да сыртқа шығаруға уақытша шектеу енгізілді.
Министрлік мал басын көбейтуге және ет бағасын тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаулар пакеті іске асырылып жатқанын жеткізді.
Біріншіден, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау жалғасуда. Мемлекет етті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды, ірі қараның аналық басын (отандық әрі шетелдік) және ұрық сатып алуға жұмсалған шығынның бір бөлігін өтейді. Сондай-ақ, асыл тұқымды төлді өсіруге де субсидия қарастырылған. Мұндай қолдау шаралары табынның өнімділігін арттырып, мал басының көбеюіне мүмкіндік береді.
Екіншіден, фермерлерге жылдық мөлшерлемесі 6%-дан төмен жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Бұл қаражатқа ірі қара мен ұсақ малдың асыл тұқымдысын сатып алуға мүмкіндік бар. Министрліктің болжамынша, мұндай қолдау шаруалардың өндірістік әлеуетін арттырып, өнім сапасын жақсартуға серпін береді.
Үшіншіден, малды ұстау мен бастапқы өңдеу шығындарын азайтуға да қолдау көрсетіледі. Арнайы алаңдарға мал тапсырған кезде және ет өңдеу кәсіпорындарына сиыр етін өткізген жағдайда субсидия беріледі. Сондай-ақ, сүт өндірушілер үшін де жеке қолдау тетіктері бар.
Бұған қоса, мемлекет 5 мың басқа дейін мал бордақылау алаңдарын салу мен кеңейтуге кеткен инвестицияның 25%-ын өтейді.
2025 жылдың тамызынан бастап 5%-бен 12 айға жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында 50 млрд теңге бөлінді. Қаражат бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыруға – мал, жем-шөп, жанармай мен қосалқы бөлшектер сатып алуға бағытталады.
"Бұл шара қолданыстағы өндіріс қуатын 60%-дан жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты талабы- өндірілген еттің кемінде 50%-ы ішкі нарықта сатылуы қажет. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтануына және елді қажетті көлемдегі өніммен қамтуға жағдай жасайды", – деді министрлікте.
Сонымен қатар, мал тұқымын асылдандыру бағдарламасының тиімділігіне қатысты сынға да жауап берілді.
"Соңғы 15 жылда асыл тұқымды ірі қараның үлесі айтарлықтай өсті- 2010 жылғы 5,6%-дан 2025 жылдың басында 11,6%-ға дейін жетті. Елге шамамен 233 мың асыл тұқымды мал әкелініп, төл сату көлемі екі есеге жуық көбейді. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал алуға 6% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қайтадан іске қосылды", – деп хабарлады министрлікте.
Асылдандыру бағдарламасына қатысушы шаруашылықтардың саны да айтарлықтай артты. Егер 2016 жылы олардың саны 15,8 мың болса, 2024 жылдың соңына қарай 31,2 мыңға жетті.
Цифрландыру бағытында да оң өзгерістер бар. Қазір малды тіркеу уақыты 15 минутқа дейін қысқарып, сатып алу-сату, көшіру және жалға беру сияқты операциялар толық автоматтандырылды. Бұл құжаттарды қолдан жасау тәуекелін жойып, күту уақытын қысқартады. Сонымен бірге, жүйе мал ауруларын дер кезінде анықтап, індеттің таралуына жол бермейді.
Пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін "Ветмобайл" және "Төрт түлік" мобильді қосымшалары енгізілді. Олар ветеринарлар мен мал иелеріне қажетті ақпаратты жедел алуға және процестерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Министрлік бұл кешенді шаралар өндіріс көлемін ұлғайтып, бағаны инфляция деңгейінде ұстап тұруға және саланың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді деп есептейді.
Бұған дейін, LS редакциясы елдегі ет бағасының қаншалықты өскенін инфографика арқылы ұсынған болатын.